ҚР Мeмлeкeттік oртaлық музeйіндe Aлeксaндр Виктoрoвич Зaтaeвичтің туғaнынa 150 жыл тoлуынa aрнaлғaн «Дaлa әуeнінің ізімeн» aтты көрмeсі aшылды. Tengrinews.kz тілшісі Oртaлық музeйдeгі көрмeмeн қaтaр музыкaнт-этнoгрaфтың қaзaқ әуендерін қағаз бетіне қалайша түсіргенін және олардың осы күнге дейін сақталуына еңбек еткен композитор жайлы мағлұмат жинады.
Александр Затаевич. Орынбор, 1923 жыл. Сурет ҚР Орталық Мемлекеттік архивінен.
Затаевичке «Поляк ұлтының біртуар ұлы» деген атақ берілген. Ол 1869 жылы 20 наурызда Ресей империясының Орынбор губерниясында дүниге келген, Ертіс пен Орал, Қарқаралы мен Қызылорда, Бөкей даласын, Орынбор мен Жетісу бөктерін кеңінен аралап, ән-күйлерді нотаға түсірген. Оған Қазақ КСР-нің халық әртісі атағы берілген.
Негізінде Александр Затаевич қазақ музыкасын тұңғыш рет 1920 жылы Қырғыз АКСР-дың орталығы болған Орынбор қаласына 50 жасында көшіп келгенде естіген екен. Ол осыған дейін басқа мемлекеттерде өзінің музыкалық зерттеулерін жасаған еді. Ғалым қазақ халық әндері өзінің бай әуенімен, көркемдігімен оның жанын жаулағанын айтқан. Затаевичтің еңбегінің арқасында қазақ халқының әндері мен аспаптық музыкалық мұрасы қағазға түсті. Сол заманда естіген даусын қағазға белгі ретінде түсіретін, одан кейін ол сол ән айнытпай салған адам жайлы аңыз таралған екен.
Маржан Жүнісова
Затаевичтің қазақ жерінде атқарған еңбектері жайлы музейдің қор сақтау бөлімінің жетекшісі Маржан Жүнісова тарихи мәліметтерге сүйене отырып айтып берді. Оның сөзінше, Затаевич қолына қалам мен қарындаш алып, әншілердің орындаған халық музыкасының ноталарын қағазға түсірген.
«Қазақстанның әр өңірін аралап ол әнші-күйші, домбырашылардың ойнаған әуендерін қолымен нотаға түсірген. Негізі ол тек фортепианода ғана ойнайтын, бірақ оған қарамастан, сол уақытта қазақ жерінде домбыра, қобыз, сырнай сияқты аспаптардан шыққан әуенді күйпараққа жазған. Негізі оның музыкалық кәсіби білімі болған жоқ, бірақ дарыны мен музыкаға деген сүйіспеншілігінің арқасында ол өзінен кейін осындай туындылар қалдырды», — дейді жетекші.
Маржан Жүнісова музыка маманының домбыра сияқты аспаптарда ойнай алмағаны себепті, ол әншілерге әуенді бірнеше рет ойнатып барып қана нотаны қағазға түсіргенін айтады. Музыка зерттеушісі аспаптан шыққан әуенмен оның жазған ноталарда ешқандай айырмашылық болмауын қалаған.
«Ол ноталарды жай ғана жазып қоймай, оларды Қаныш Сәтбаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Темірбек Жүргенов сынды біртуар азаматтарға өзінің нотаға түсірген әуендерін тыңдатып, кеңесіп отырған. Ол әрбір әуенге түсініктеме жазып отырған. Затаевич тек әуеннің өзін жазып қоймай, оның мән-мағынасын тереңнен түсінгісі келген.
«Ал жоғарыда аталған тұлғаларды Затаевичтің корреспонденттері деп атаған. Олардың саны 500-ден асқан екен. Оған қоса ол ресейлік композитор Сергей Рахманиновқа ноталарын жинақтап, тексерткен. Одан басқа француз музыкатанушысы Ромен Ролланға да қағазға түскен ноталарды естірткен. Олардың бір-бірімен хат алмасуы оған дәлел», — дейді музей қызметшісі.
Сол кездегі газет беттеріне Затаевичтің ресейлік жазушы Максим Горькиймен және Ромен Ролланмен кездесулері жарияланған. Мақалада Горькийдің үйіне жиналған кеңес және италиялық музыканттар оның Қазақ халқының 1000 әні мен 500 әні жинақтарына таңғалысын білдірген екен.
Музей қызметкерінің сөзінше Затаевич тек қазақ халқының әуендерін емес, сол кезде елімізде өмір сүрген басқа ұлт өкілдерінің де халық музыкасын қағаз бетіне түсірген.
«Затаевичтың еңбектерінде қалмақ, бурят, якут, тубин және басқа да біздің жерімізде мекендеген халықтардың әуендері бар. Негізі музыкант әуендерін жинақтағаннан кейін, оларды жинақ немесе кітап ретінде басып шығару үшін ол Халық Ағарту Комиссариатының өкілдерінен рұқсат алуы керек болған. Біз тарих беттерінен ол уақытта цензураға қалай мән бергенін білеміз. Затаевичтің де еңбектері қатаң тексерілген», — дейді ол.
Халық Ағарту Комиссариатының рұқсатын алып, Затаевич қазақ әуендерін ең алғашқы «Қазақ халқының 1000 әні» (суретте) жинағы атты кітабын басып шығарған. Бұл кітап 1925 жылы Орынборда Қырғыз Мемлекеттік баспасынан шыққан. Айта кетейік, ол кезде еліміз Қырғыз Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы болған. Кейіннен музыка маманының екінші жинағы 1931 жылы «Қазақтың 500 әні мен күйі» (әндер мен аспаптық пьесалар) жинағы Алматыда басып шығарылған.
Бұл кітаптарда домбыра, қобыз, сырнайдың ноталары және музыканың қай жерде және оны кім орындағаны жазылған. Оған қоса кітапта қазақ халық музыкасына түсініктемелер берілген. Осы кітаптың жарыққа шығуына қолдау жасау үшін сол кездегі Кеңес Одағына еңбек сіңірген музыка мамандары Затаевичтың кітаптарына пікір жазған. Олардың ішінде танымал ресейлік композитор, дирижер Ипполитов-Иванов, Кеңес одағының халық әншісі, пиониношы Никита Богословский сынды музыканттар болды.
Александр Затаевич қазақ халқының ән орындаушыларының ішінде бірқатарын сүйіп тыңдаған. Айта кетсек, Балабек Ержановтың домбырамен шерткенін қызыққаны көрінеді. Ол Әміре Қашаубаевтың орындауында елге танымал «Балқадиша», «Дударай», «Бес қарагер», «Көк көбелек» сынды әуендерді естіп, оларды қағаз бетіне түсірген. Затаевич Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңіндегі әуеннің ноталарын хатқа түсірген екен.
«Музыка маманы бірде қазақтың әнші-композиторы Майра Шамсутдиновамен кездескен. Ол қазақ жерінде өз жұмысымен айналысып жүргенде сырнай үні мен ән айтқан әйелдің даусын естіген. Сөйтіп, Затаевич Майра Шамсутдинованы көріп, онымен танысып. Майраның сырнаймен орындаған бірнеше әуендерін жазып алған», — дейді музей қызметкері
Әнші, композитор Майра Шамсутдинова
Қазақ жерінде Затаевич жайлы аңыз тараған деседі. Бұл аңыздың мәні жайлы Музей қызметкері Маржан Жүнісова айтып берді.
«Аңызға келетін болсақ, ол уақытта қарапайым халықтың арасында бір адамның ауылдан ауылға барып, қағаз бетіне түсініксіз жазбалар жазып жүргені жайлы ауыздан ауызға әңгіме тараған. Ол отырып, әуенді тыңдап, оны естіп қағазға белгілеген жанды көргенде, қарапайым халық таңданыс білдірген. Халыққа қызық болғаны — адамның қазақ емес екендігі, яғни еуропалық болғаны, оған қоса Затаевич тек халық музыкасының ноталарын жазған. Әрине осының бәріне халық таңданыс білдірген. Корреспонденттерінің жазбаларында Затаевич бойы орташа және мінезі өте жұмсақ адам болған. Ол осылайша халықтың арасына кіріп олардың музыкаларымен танысқан», — дейді ол.
Ресейлік суретші Михаил Меньков Затаевичтің сұрауымен ноталық жазбаларға қазақ халқының ою өрнектерін салған
Маржан Жүнісованың сөзінше, Затаевич дүниеден өткеннен кейін оның жұмыстарымен қызы Ольга Затаевич айналысқан. Александр Затаевичтің кітаптары мен жазбалары Ольганың арқасында орталық музейге тапсырылуы мүмкін екен. Орталық музей қызметкерлерінің айтуынша, музыка маманының жарық көрмеген материалдары Глинка атындағы Ресей Ұлттық музыка музейінде сақталған болуы мүмкін.
Польшаның Алматыдағы бас консулы Михал Богданович көрменің ашылу салтанатында Затаевичтің Қазақстанда бірнеше жыл арасында көптеген ғылыми экспедициялық сапары уақытында талай мәтін мен қазақ халық әндерінің музыкалық партитураларын жазғанын айтты.
«Ол тіпті әуезді сызықтан тыс композицияның көңіл-күйін белгілеуге мүкіндік беретін музыкалық жазба әдісін әзірлеген. Александр Затаевич дала ақындарының әндерін ұмытпасқа жазып сақтап қалды. Ол 2300 астам әндер мен музыкалық шығармаларды жинап, басып шығарған. Өмірінің басты еңбегі қазақ халқының мыңдаған ән жинағы болды. Бұл Қазақстандағы өте бағалы мұра, оған көптеген қазақ опера әншілері мен симфониялық шығармалардың авторлары сүйенген», — деді Михал Богданович.
А. Затаевич өзі жазған нотаның түпнұсқасы. Ол ноталарды ескертпелермен бірге жазған.
Оның айтуынша, Поляк музыка танушысының еңбектері әлі күнге дейін қазақ фольклоры мен дәстүрлі халық музыкасының зерттеушілері үшін негізгі дерекқорлардың бірден-бірі.
Затаевичтің еңбегінің арқасында қазақ халқының әндері мен аспаптық музыка мұрасы қағазға түсірілді. Сол заманда естіген даусын қағазға белгі ретінде түсіретін, одан кейін ол сол өлеңдерді айнытпай салған адам жайлы аңыз таралған екен.
Қазақстан Республикасының Орталық музейінде көрме барысында қонақтарға музакант-этнографтың фотоматериалдары, мақалалары, кітаптар, әртүрлі түсініктемелер мен әуендердің ноталық жазабалары ұсынылды.
Экспонаттың қатарында «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 әні мен күйі», «1925 жылы Әліби Жангелдинге берген қолтаңбасы» және фотосуреттер мен хаттар сақталған. Айта кетейік мұндағы кейбір хаттар мен жазбалар Орталық Мемлекеттік архивтегі қорында сақтаулы түпнұсқаның көшірмелері. Бірақ музейдің қызметкерлері оған қарамастан бұл жазбалардың барлығы экспонат ретінде саналатынын айтты. Көрме 2019 жылдың 30 сәуіріне дейін жалғасады.
Автор: Мақсат Мамбетжан
Суреттер автордан