«Көптeн бeрі xaлық aлдынa шықпaй жүргeн өнeр aдaмдaры қaйдa жүр?» дeгeн сұрaқ бaршaмыздың көкейімізде шығар. Бірі тұрмысқа шығып, өнерден алыстаса, ендігі бірі сахна төрінен мүлде көрінбей кетті. Tengrinews.kz тілшісі көптен бері халық алдына шықпай кеткен өнер адамдарының қайда жүргенін анықтап көрді.
Нұрлан Өнербаев
Әнші Нұрлан Өнербаев сахнадан көрінбей кеткен әншілердің қатарында деп айтуға болады. Өнербаев 2008-2011 жылдар аралығында Парламент мәжілісі депутаты болғаны белгілі. 2011 жылдан бері шығармашылығын қолға алған. Ал 2016 жылы Өнербаев сахнаға оралатынын мәлімдеген.
Нұрлан Өнербаев © instagram.com/onerbay_nurlan
Бүгінде әнші Қазақстан қалаларында концерттерге шығып, өнер көрсетіп жүр. Әншінің Instagram желісінде бір ғана ресми парақшасы бар. Желідегі аккаунтында 24 мыңнан аса оқырманы бар әнші қоғамда болып жатқан оқиғалар туралы ойын жиі бөлісіп отырады.
Гүлнар Сихымбаева
1985 жылдан бастап «Гүлдер» ансамблінде қызмет еткен Гүлнар Сихымбаева бүгінде сахнадан гөрі білім саласына көп уақытын арнайтын көрінеді. Бүгінде әнші Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұстаздық қызметін атқарып жүр.
Гүлнар Сихымбаева әріптестерімен
«Қазақ ұлттық қыздар ПУ-дың, өнерлі, ұстаздарымен бір селфи! Шақырамыз қыздар біздің қара шаңырақтан білім алуға!», — дейді әнші Facebook желісіндегі жазбасында.
«Бірақ көңілімнің бәрі — сахна. Дегенмен, мойынсынуға тура келеді. Жастарды тәрбиелеу керек, оларға бағыт-бағдар беру керек. Сахнаға оралуым мүмкін. Оны ұмытқан емеспін», — деген еді әнші отандық арналардың біріне берген сұхбатында.
Рахат Тұрлыханов
Әнші Рахат Тұрлыхановты сахнадан мүлде көрінбей кеткен әнші деп айтуға болады. «Әйел бақыты» бағдарламасына тікелей эфирге шыққан әнші бүгінде IT саласында жүргенін айтқан.
«Қазір мобиль қосымшаға арналған жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы караокеде ән айтып тұратыным болмаса, мүлде ән айтпаймын. Сахнаға оралу ойда бар, бірақ нақты қашан екенін білмеймін. Кәсібімді дөңгелетіп алғаннан кейін ғана шығар», — деген екен әнші.
Әнші бүгінде үш баланың әкесі.
Рахат Тұрлыханов © instagram.com/rakhat_turlykhanov
Әсем Жәкетаева
Superstar.kz жобасының қатысушы, бір кездері «Айлан» лақапатымен белгілі болған әнші Әсем Жәкетаева бүгінде бар уақытын отбасына арнайтын көрінеді. Әнші — Айсана есімді қыздың анасы. Сахнадан көрінбей кеткен ол желіде белсенді. Оның Instagram желісіндегі парақшасында 297 мың оқырманы бар.
Әсем Жәкетаева отбасымен © instagram.com/assem_zhaketayeva
Нұржан Қалжан
Бір кездері ерекше даусымен халықты тәнті еткен Нұржан Қалжан да сахна төрінен көрінбей кеткен әншілердің бірі. Бүгінде әнші сахнаға шықпай кеткенімен үнемі жаңа әндер жазып, Instagram желісіндегі парақшасында жанкүйерлерімен жаңалықтарын бөлісіп отырады. Әнші Instagram желісінің белсенді қолданушысы, оның 112 мың оқырманы бар.
Нұржан Қалжан © instagram.com/nurzhan_halzhan_official
Асқар Жүнісбеков
Әншінің Instagram желісіндегі парақшасын қарап, Асқар Жүнісбеков шоу-бизнестен той-бизнеске біржола ауысқан деп ойларсыз. Сахнадан көрінбей кеткенімен әнші тойларда жиі өнер көрсетеді екен. Одан бөлек әнші репертуарындағы әндерін жаңартып, отандық бағдарламаларға қатысып, өнерге де бет бұрып келе жатқаны байқалады.
Асқар Жүнісбеков© instagram.com/askarzhunisbekov
Динара Қырықбаева
Бүгінде Динара Қырықбаева — үш баланың анасы. «Әнші балапанға» бес жасында қатысып, басқа да балалар байқауында топ жарып, әншілікке толықтай бет бұрған Динара әндер жаздырып, бейнеклиптер түсіріп, тіпті жеке концертін де беріп үлгерген. Жеке бизнесін қолға алған әнші сахнадан алыс кетіп, жеке өміріне көбірек көңіл бөлуді таңдаған.
Әнші Динара Қырықбаева үшінші баласын дүниеге әкелді
Динара Қырықбаев отбасымен © instagram.com/kyrykbayeva
Еркін Мәулен
Кезінде көпшілік әндерін сүйіп тыңдайтын әнші көгілдір экраннан көрінбей кетті. Еркін Мәулен өзінің неліктен сахнадан көрінбей кеткенін «Әйел бақыты» бағдарламасында шоу бизнесте «қара тізімге» еніп кеткенін түсіндірген.
«…Кезінде өздері ұсыныс жасап, жыл сайын аңсап күтетін жылда қатысып жүрген «Сағындырған әндер-ай» ән фестиваліне қатыспақ болып Майра апамызға хабарластым. «Екі-үш әніміз бар еді, бұған дейін де қатысып жүр едік. Өзіңіз тыңдап көрсеңіз» деп ұсыныс тастадым. Майра апама өкпе жоқ, ол кісі өз жұмысын істеп отыр ғой. Ол кісі: «Өкінішке қарай, Еркін мырза, мен сізді шығара алмаймын. Өйткені сіз қара тізімдесіз» деді. Сондай қара тізімдер бар екен. Сондай тізімде тұр екенбіз», — деген еді әнші.
Әнші өзін «қара тізімге» енгізген адамның кім екенін білмейтінін айтқан.
Еркін Мәулен
Роман Ким
SuperStar.kz жобасының финалисі, әнші Роман Ким да көптен бері теледидардан көрінбей кеткен. 20 қарашада Gakku арнасына берген сұхбатында әнші сахнадан кетуіне кейбір адамдардың ықпал еткенін және сол үшін елден кетуге мәжбүр болғанын айтқан. Тіпті әншіге зорлық әрекеттері жасалып, Роман ата-анасының қауіпсіздігіне алаңдаған екен. 2004 жылы 18 жасында қалың көпшілікке танылған әнші бүгінде бір ұл, бір қыздың әкесі.
Роман Ким © instagram.com/roman_kim_singer