Oн шaқты aдaм көтеріп тұрған алып жыланның суреті бірнеше күннен бері әлеуметтік желіні дүрліктіріп жатыр, — деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілердегі топтарда жыланның Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында, Қапшағайда және Алматы облысы Ұйғыр ауданы Сүмбе ауылында табылды деген ақпарлар таралып жатыр.
Сонымен қатар, бұлы жыланды Алматы облысы Нарынқол ауылы мен Шонжы ауылында табылды дегендер бар.
Алайда жылан қолдан жасалған болып шықты және ол Қырғызстанның Талас ауданындағы 28 жастағы ағаш ұстасының туындысы екен. Жергілікті alakan.biz сайтының жазуынша, Өскөн уулу Токтобек атты ер адам Кара-Кол ауылында тұрады. 6,5 метрлік жыланды жасауға оның бір ай уақыты кетіпті.
«Өзгеше дүние жасағым келіп, тоғайдан жыланға ұқсас талды үйге алып келдім, Ұзындығы 6,5 метр. Пышақпен ойып, боядым. Бір ай уақыт кетті. Бірінші туындым, сондықтан сатпаймын. Ауылдағы музейге қоямын деген ниеттемін», — дейді шебердің өзі.
Басылымның жазуынша, шебер тағы да бір жыланның мүсінін жасамақ екен.